Қазақстанда 2019 жылы 10 млн.-ға жуық мал сырғаланған
Осылайша, төлдерді сәйкестендіру үшін қажет құлақ сырғалары 100 пайызға қамтамасыз етілді.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан келіп түскен сұраныстарға сәйкес 2019 жылы ірі қара малдарды сырғаландыру үшін – 2, 8 млн дана, ұсақ мүйізді малдарға – 6,8 млн дана; шошқаға – 223, 5 мың дана, түйе малына – 44, 8 мың дана құлақ сырғалары берілді.
Жалпы республика бойынша 2019 жылдың 31 желтоқсандағы мәліметтерге сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру деректер қорында 7 696 606 бас ірі қара, 19 871 460 бас ұсақ мал, 716 070 бас шошқа, 2 708 609 бас жылқы, 214 434 бас түйе тіркелген. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінгі күні Қазақстанда 31 млн. астам ауыл шаруашылығы жануарлары бар.
Анықтама ретінде: Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес — Ауыл шаруашылығы жануарлары міндетті түрде сәйкестендірілуі қажет. Жануарларды сәйкестендіру аясында жануарларға есептік нөмір және ветеринариялық төлқұжат беріледі. Сондай-ақ, жайылатын жері, тұқымы, жасы, түсі, малдың иесі туралы мәліметтер есепке алудың арнайы дерекқорына енгізіледі.
«Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесі ауыл шаруашылығы жануарларын есепке қою және есептен шығару, алдын алу шараларды тіркеу, кепілдікті тіркеу және т.б. қызметтерді атқарады. Ақпараттық жүйе нақты уақыт режимінде жұмыс істейді және енгізілген барлық өзгерістер мен толықтырулар деректер сақталғаннан кейін бірден көрсетіледі.
Кез келген азамат аталмыш жүйеден жануарлардың есепке қойылғаны немесе шығарылғаны туралы, жүргізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар (вакцинация, диагностика) және т. б. ақпараттарды сұрау жолдау арқылы ала алады.